Шүкіршілік мұсылманның сипаты
Шүкіршілік мұсылманның сипаты

Шүкіршілік адамның рухани байлығы және өмірлік азығы. Өйткені әрбір мұсылманның сипаты осы шүкіршілікте екені баршамызға белгілі. Әйтпесе, өмірде неше түрлі оқиғаларға тап боламыз. Көзбен көріп, құлақпен естіп те жатамыз. Бірі көр, бірі соқыр, бірі керең, ал кейбіреулері мүгедек болса да шүкіршілігін аузынан тастамаған иманды ибалы жандарды көріп кейбіріміз одан ғибрат аламыз. Сонымен қатар он екі мүшесі бүтін бола тұра Аллаға шүкірсіздік танытып жатқандардың куәсі болатындығымыз да жасырын емес. Шынуайтында келгенде, он екі мүшеміз бүтін біз оларға қарағанда көбірек шүкірші етуші жанның қатарынан болу  керек еді. Неге десеңіз Алланың бар әсем нығметтерін осы көзіміз арқылы көріп тамсанып жүреміз. Ал егер де осы көзіміз болмаса ше мұндай әсемдікті көре алар ме едік?! Құлақ, тіл, аяқ, қол болмаған күйді  бір елестетіп көріңізші. Ол кезде жұпар иісті қалай иіскеп сезініп, қалай Алланы дауыстап зікір (еске алу) ете алар едік.

Міне осы үшін де Алланы еске алып көбірек шүкір етуші құлдарының қатарынан көрінуіміз керек. Құран Кәрімде шүкір етудің қажеттілігі  турасында көптеген аяттар келген. Бақара сүресінің 172-ші аятында Алла тағала: «Әй, мүміндер! Мені еске алыңдар, мен де сендерді еске алайын. Маған шүкірлік етіңдер, маған опасыздық жасамаңдар» -деп баса айтады. Осы аяттан аңғаратынымыз Алланы еске алып шүкір ете білуімізде екен. Және де Алланы ұмыт қалдырмай опасыздық жасамау қажет екендігімізді түсінеміз.

Хадисте Алла елшісі с.ғ.с: «Алла Тағала кімге бес нәрсені берсе үстеме ретінде тағы да бес нәрсе береді:

Кімге шүкіршілік қасиет берсе оның ризығын үстемелейді;

Кімге дұғагөйлік қасиет берсе оның дұғасын қабыл етеді;

Кімге истиғфар – жарылқану тіленетін қасиет берсе оған кешірім жасайды;

Кімге тәубешілік қасиет берсе оның тәубесінің қабыл болуын даярлайды;

Кімге садақа берушілік қасиет берсе оның садақасын қабыл алуды даярлайды» дейді.

          Бірақ кейбіріміз жоғарғы аят, хадисті ұмытып бармақтай бақ келе қалса немесе басымызға болмас зиян келе қалса сол зияннан арылған бойда Аллаға шүкір айтудың орнына шүкірсіздік танытатын кездерге де тап боламыз.

Алла тағала Құран Кәрімде бұл жағдайды былай сипаттайды:
«Ал қашан адам баласына бір зиян жетсе: Жатса да, отырса да немесе түрегеп тұрса да бізге жалбарынады; Алайда қашан одан зиянды айықтырсақ, тіпті оған тиген зиянды айықтыру үшін бізге жалбарынбағандай-ақ кете береді». (Фұссилат сүресі 51 аят) дейді. Ақиқатында дүниені сынақ деп қабылдап әрбір зияндықтың арты қайырлы боларына ризықты да беруші де Алладан екендігін әр мұсылман сеніп шүкір айтушылардың қатарынан болу керек екен. Бұған, Әбу Ханифаның басынан өткен мына бір оқиғасы әр мұсылманға тәмсіл бола алады.

Имам  Әбу Ханифа ғалымдығынан бөлек саудамен де айналысқан үлкен саудагер адам болған еді. Бір күні шәкірттеріне сабақ беріп отырған кезде, өзінің тауарын тасыған кеменің суға батқан хабары келеді. Мұны естіген Әбу Ханифа: «Әлхамдулиллаһ» дейді де сабағын жалғастыра береді. Көп өтпей әлгі хабарды әкелген кісі қайта келеді де, «Мырза, кешіріңіз, әлгінде әкелген хабарым тура емес екен. Малыңызды тасыған кеме аман-есен келді. Қазір жүк түсіріліп жатыр» дейді. Әбу Ханифа тағы да «Әлхамдулиллах»дейді. Қасындағылар әрі шығынға, әрі табысқа неліктен ұқсас сөзді қолданғанын сұрағанда, ол кісі: «Біздің барлық күйіміз Аллаға шүкірлік ішінде болғаны жөн. Дүние сынақ орны. Алла құлдарын кейде беріп, кейде алып сынайды. Алдыңғы хабармен Алланың мені алып, зиянға ұшыратып сынағанын ойладым. Сондықтан шүкіршілік еттім. Кейінгі хабармен Алланың мені сыйлап, табысқа жеткізіп сынағанын ойладым және шүкіршілік еттім» деген екен. Міне Әбу Ханифаның барша мұсылманға Алла беріп те алып та сынайтығын қандай жағдай орын алмасын барлық күйіміз Аллаға шүкіршілік ішінде болғаны жөн екендігін баса айтқандығын осыдан аңғаруымызға болады.

Ал тарихқа шолу жасап өтсек қаншама ақын, жыраулар, ойшыл ғалымдар Асыл дініміздің құндықтарын сіңіріп өткендігі екінің біріне мәлім. Тіптен әрбір айтқандары халық арасына нақылға айналып ел арасына кеңінен жайылды. Мәселен, дүйім жұртқа белгілі ойшыл Жүсіп Баласағұнның:  «Сабыр етсең - ісің оңға асады,  шүкір қылсаң жамандық та қашады», «шүкіршілік қылғанға шыр бітер» деген секілді шүкіршілік жайында айтқан нақыл сөздері де кездесіп жатады.

Жазушы, ақын Қазақ поэзиясынан ойып тұрып орын алған шүкірліктің маңызы жайында Қадыр Мырза Әлі де:

«Айналайын, абайла

Оразада беретін

Тиының жоқ пітірлік.

Кедейлік бар көретін,

Кедейлікке -

Шүкірлік!

Айналайын, абайла,

Тастайды жүк бүкір ғып.

Аман болсаң алайда

Бүкірлікке -

Шүкірлік!» деп жырлап өткен болатын.

«Нығметке шүкірсіздік ету – күнә, ақымақпен бірге болу – қасірет» демекші. Шүкірсіздік етіп күнә артпай, әр күнімізе шүкіршілік етіп, атар таңға аман жетсем деп дұға тілеп өту барша мұсылманның сипатына сай амал болмақ. Барға қанағат жоққа шапағат қайғыға сабырлық Аллаға  шүкіріміз азаймасын ағайын!!!

Сабыр Сансызбай

дінтанушы

http://www.centre-ato.kz/index.php/kz/dini-birlestikter/966-shkirshilik-msylmanny-sipaty

Сабыр СансызбайСабыр Сансызбай
2 жыл бұрын 1810
0 пікір
Блог туралы
0
118110 105 217 1301 41