Бұрын лаңкестік болған Шұбарши ауылында салафизмді ұстанатындар әлі де көп
Бұрын лаңкестік болған Шұбарши ауылында салафизмді ұстанатындар әлі де көп

Ақтөбе облысының Темір ауданында “діни ахуал өте күрделі” деген сөз бұрын айтылатын. Осы жағдайға байланысты 2015 жылы Темір ауданы прокуратурасында өңіраралық арнайы орталық ашылған еді. 27 қаңтар күні Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің 2015 жылды қортындылаған жиынында Темірдегі ахуалға қатысты ресми деректер жария етілді.

Бүгінгі күні осы ауданда тұратын 455 адам дәстүрлі емес дін жолында жүр. Бұл туралы мәліметтерді жиында Темір аудандық ІІБ бастығы, полиция подполковнигі Мұрат Бекетаев баяндады.

— Аудан мешіттеріне былайғы күндері 100-110 адам барса, жұма күндері 450-460 кісі жиналады. Ауданда жалпы дін жолындағы 652 адам бар болса, соның ішінде 455-і дәстүрлі емес ағымдарды ұстанады. Сонымен қатар, 22 тұрғын оперативтік-алдын алу есебінде тұр. Дәстүрлі емес дінді ұстанғандардың негізінен аудандағы Шұбарқұдық, Шұбарши, Қенкияқ сынды елдімекендерде шоғырланғаны байқалады, — деді өз есебінде Мұрат Бекетаев.

Десек те, құқық қорғау органдарының бірлесе жүргізген жұмыстары өз нәтижесін беріп отырғанға ұқсайды. Өткен жылы қыркүйек айында дәстүрлі емес дін жолын ұстанушы ретінде 489 адам тіркелген болса, олардың саны қазір 34 адамға азайған. Сонымен қатар, полицияны шекара асып, діни білім алғысы келетін азаматтардың жайы да алаңдатып отыр. Құқық қорғау органдары тарапынан 2014 жылы 23 адамға, 2015 жылы 14 адамға ескерту берілген. Шетелге діни білім алуға кеткен азаматтардың отбасыларымен жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 2014 жылы 1 азамат, 2015 жылы 5 азамат елге қайта оралған. Қазіргі таңда ауданның 5 азаматы шетелдерде теолог мамандығы бойынша білім алуда.

Полиция подполковнигі Мұрат Бекетаевтың сөзіне қарағанда, дәстүрлі емес дін жолын ұстанатын азаматтар аудан әкімдігі ұсынған жұмыстарға барғылары келмейді. Әсіресе, әйелдер жағы “ол мекемеде еркектер мүлдем болмауы керек” деп шарт қояды. Ал ерлер негізінен жеке кәсіппен айналысады. Жеке көліктерімен жолаушы тасып, мал өсіріп нәпақаларын табады.

А.Димаш

http://maturidi.kz/index.php/kz/zha-aly-tar/item/1529-b-ryn-la-kestik-bol-an-sh-barshi-auylynda-salafizmdi-stanatyndar-ali-de-kop

Сабыр СансызбайСабыр Сансызбай
9 жыл бұрын 3395
0 пікір
Блог туралы
0
118110 105 217 1301 41