Досай Кенжетай: «Елімізде теріс діни ағымдардың қауіпі сейілген жоқ ...»
Досай Кенжетай: «Елімізде теріс діни ағымдардың қауіпі сейілген жоқ ...»

Қаржы дағдарысы немесе саяси дағдарыстар орын алған кез-келген мемлекетте діни секталардың, миссионерлердің белсенділігі күрт артатыны белгілі. Өзге елді мысалға келтірмей-ақ мұндай жайт тоқсаныншы жылдары өзіміздің де басымыздан өткенін айта кету керек. Сектанттар үй-үйді аралап, кітап таратып жүретіні әлі есіңізде болар?!

Биліктегілердің айтуынша, дәл қазіргі әлемді шарпыған қаржы дағдарысы сол тоқсаныншы жылдардағы дағдарыстан кем түспейтін көрінеді. Демек, елде діни ағымдар тағы көбейіп, онсыз да әлеуметтік жағдайы мәз емес халықты жік-жікке бөлуі әбден мүмкін. Мұндай қауіптің барын белгілі теолог Досай Кенжетай ағамыз да жоққа шығармайды.

- Аға, қазір елде дағдарыс. Мұндай кезде діни ағымдар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақ секілді көбейетінін жақсы білеміз. Тоқсаныншы жылдардағы секілді ертең елімізге тағы да шетелден миссионерлер қаптап кіреді деген қауіп жоқ па?

- Негізі тұжырымың дұрыс... Кез келген дағдарыс ол экономикалық, саяси, идеологиялық, әскери болсын, ол алдымен адамның санасына әсер етеді. Мұның бәрі қоғам тұрақтылығына үлкен қауіп тудырады, туғызып та отыр. Су ағады, тас қалады қашанда... Бұл жерде қарапайым халық «қара тас» сипатында болады. Ал, миссионерлік әсер сол қара таспен жұмыс істейді. Себебі, барлық соққыны алатын солар. Ал, енді сол қара халықтың діни санасы мен сауаты, яғни танымы орнықты ма? Жоқ. Қазірдің өзінде екіұдай жік жақ болып отырған күйіміз бар. Бұған енді арнайы жобалармен, саяси орталықтармен бағытты, мақсатты сыртқы күштерді қоссаңыз, болашақты елестету қиын. Мұның өзі үрей тудырады. Бұл сана, ашық терроризмнің ықпалынан да бес бетер болады. Демек, дағдарыс тек экономикалық қана емес, ол сана дағдарысы болып та өзін көрсетеді. Бұған билік, үкімет, қоғамдық институттар дайын ба, жоқ па, ол жағы белгісіз.

- Елде діни секталар, ағымдар көп қой. Бірақ, солардың қазаққа ең қауіптісі салафизм деп жатады. Кеше БАҚ-тардың бірінде Ақтөбе облысында 2 мыңнан астам тұрғын осы ағымға кіріп кеткені айтылды. Бұл ресми тіркелгендері ғана, тіркелмегендері қаншама?! Ал, Қазақстан бойынша тіптен көп. Сирияға соғысуға кетіп жатқандар да осы салафизм, уахабизм жетегінде жүргендер. Мемлекеттің (дін істер комитеті, ҰҚК, мүфтият) осы салафизммен күресіне көңіліңіз толады ма? Сіздің пікіріңізше, күресті қалай жүргізу керек?

- Қазір экстремизм мен терроризмге қарсы қаржы бөлінген, демек, бақылау да саясат та осы мәселе бойынша шешім тетігі ретінде бар деген сөз. Бірақ кез келген тетік ол бар болғанымен тиімділігі мен нақтылығымен ерекшеленеді. Менің өзім де осы «алдын алу насихат шаралары» бойынша елдің әр аймақтарында болып таныстым. Біз қазақтар, «ауруын жасырған арам өледі» деген сөздің мәнін сезіне бермейміз. Мемлекет өзінше, қоғамдық институттар өз бетінше, ғалымдар өз бетінше шешім айтып жатады. Ортақ пікірлері болғанымен, соны шешуге, талдауға келгенде, бізде құқықтық институттар да атқарушы билік те өз функциясын орындай алмай жатады. Бұл мәселе демек әбден саясиланып біткен деген сөз. Басқаша түсіндірмесі мүмкін емес. Мысалы Атырауда мешіт алдында арабша сұлбасымен, таңертеңнен кешке дейін «жарнама» жасап тұратын салафилерді, ҚМДБ имамына қарсы ашықтан ашық наразылық танытып жүргендерді, мемлекеттік билікті танымайтындарды ең болмаса құқықтық шектеулер арқылы жауапқа тартуға болады. Бірақ билік көрмегенсиді. Демек ол жердегі «көріністер» салдарлар ғана. Себебі тереңде жатыр деген сөз. Ол да елімізде «саясиланған ислам» ықпалының күші мен қуаты мығым деген сөз. Құдай ақырын берсін дегеннен басқа, қолдан келер ештеңе жоқ. Бұл бір. Енді екінші жағынан, кешегі кеңестік ұлтсыздандыру қазаққа сіңіп кеткен. Сол идеологияның орнын табиғи түрде қазір ислам діні алып отыр. Ал, енді жаңағы салафтарды жаппай тұтқындау да шешім емес, себебі исламофобияға өзіміз құрал болып кетуіміз мүмкін. Жалпы бұл мәселеде, ақылмен, сабырмен жан-жақты ойлап барып, шешетін мәселе қатпарлары көп. Былай барсаң өгіз өліп, былай тартсаң арба сынып кетуі ғажап емес. Үшіншіден, кімнің кім екендігін қазір ел білді. Қоғамдық институттардың белсенділігі мен жанпидалық санасын арттыру қажет. Сосын, қазақты мынау салаф мынау сопы деп диалектикалық жікке бөліп қарамай, осылардың арасында «табиғи сұхбат» мүмкіндігін тереңдету керек. Олар өзара іщтей жат, суып, бір бірін түрпідей көретін жағдайға жетті. Сырттай қарағанда, олар бір мешітте құлшылықтарын жүзеге асырып жатыр. Бұған шүкір дейміз. Жалпы, салафилік тенденцияны елімізде таратушы орталықтар егер саяси коридорларсыз, табиғи түрде тіршілік етіп жатса, одан пәлендей қайғы тумас еді. Себебі олар уақыт өте келе өздері ақ табиғи сұхбатпен төзімділікке еті үйреніп кетер еді. Бірақ, олай емес, елдің ішінен, сыртынан қолдаушы, оларды көріктеуші, демеуші саяси, экономикалық орталықтар бар болған соң, бұл мәселе соңы немен бітетіндігі белгісіз мен үшін.

- Салафизм өз алдына бір проблема, екінші жақтан жастардың қатыгездігі деген мәселе тағы шығып тұр. Әсіресе, мына соңғы бірер аптада нәрестелерін өлтіріп жатқан аналар көбейіп кетті. Бұл біздің рухани азып-тозғанымызды көрсетеді. Кемшілікті өзімізден емес, біреуден іздегіміз кеп тұрады ғой. Бұл жолы да халық билікті кінәлап жатыр, әлеуметтік жағдайын жасамаған деп. Әлеуметтік жағдайын былай қойғанда, билік идеологияны да қатырып жатқан жоқ. Айтқым келгені, біздің елдегі рухани құндылықтарға кім жауапты? Қоғамның осылайша азғындалып бара жатқанына кінәлілер бар ма?

- Жұт жеті ағайынды деген... Бұған кінәлі бәріміз. Оның тек ата-анасы ғана емес, бүкіл қоғам жауапты. Қоғам деген қауымдасу арқылы ортақ құндылықтық негізде бірлескен, тұтас ғарыш деген сөз. Демек, біздің бұл тұтас ғарышымыз ішкі динамикасынан, қуатынан, бағыттаушы, бағдарлаушы қысым күшінен айрылып қалған деген сөз. Мәселені былай қарастырайық. Мәдениет деген сол ортақ құндылықтық платформа. Сол платформа ортақ болмай қалды. Қазақ ұлты, мәдениеті, салт-дәстүрі, дүниетанымы, өнері мен тарихы, діні мен ділі, ортақ тіл арқылы ғана информация ретінде ұрпақтан ұрпаққа беріліп, біртұтас платформа ретінде өзін сезіндіреді. Ал, бізде ше, қазақ тілі ең сорлы, бейшара күй кешуде. Өзінің құндылығының бастауы болған, мәдениетінің бірінші қабаты болып табылатын, ана тіліне құрметі жоқ, қоғамда, билікте, үкіметте, мемлекетте ешқашан баянды даму мен тұрақтылық, ортақ сана, ортақ қайғы, ортақ сезім болмайды. Бұл культурологиялық онтологиялық тұрғыдан ғылыми дәлелденген мәселе. Ал, бізде не мәдениет министрлігінде, не саяси партиялардың бағдарламасы мен стратегияларында қазақ ұлты мен мәдениетіне қатысты бірде-бір тұжырым жоқ... Қазақтану атымен жоқ. Өзімізді өзіміз тани алмай жатқанда, басқаларды қалай танимыз? Сосын келіп, ұлттық, моральдық, діни мәселе ретінде көрінген құбылыстарды талдаймыз келіп... Бұлардың бәрі салдарлар... Себептеріне ғылыми тұрғыдан мемлекеттік және қоғамдық институттар біртұтас болып үңілу шарт.

- Елімізде ислам ғұламаларының қазақшаға аударылған еңбектері өте аз. Есесіне салафизм мен уахаббизмді насихаттайтын әдебиеттер жетіп-артылады. Сіз енді дін ғалымы ретінде бұл олқылықтың орнын қалай жою керек деп есептейсіз? Кімдерді оқуға кеңес бересіз? Қандай еңбектерді оқымау керек?

- Рас... салафилік орталықтар орыс тілінде болсын, қазақша болсын, өз әдебиеттерін толтырып тастады. Интернетте, көптеген әлеуметтік сайттардан оңай табылады. Бұл олқылықты елдің тарихи діни танымына қатысты еңбектерді қазақ тілінде көптеп тарату арқылы ғана реттеуге болады. «Мәдени Мұра» бағдарламасында біраз кітаптар қысқартылып болса да аударылды. Жетпейді. Бұған да мемлекеттік, қоғамдық институттар тарапынан арнайы аударма орталықтары құрылуы тиіс. Мұнда жүйелі түрде діни танымымыз бен діни тәжірибемізге қатысты ең қажетті мұралар қолға алынуы тиіс. Ханафи мазхабына қатысты еңбектер аударылып жатыр. Бірақ тиражы аз. Имам Ағзамның бес кітабы, Сабуни, Паздауи, Маргинани мұралары толық жеткен жоқ. Сосын Матуриди ақидасына қатысты еңбектер кем. Таухид кітабының өзін енді аударып жатырмыз. Биыл шығады құдай қаласа... Мен негізі мына кітапты оқыма дегендерден емеспін... Мұсылман адам өзінің таным көкжиегін қасаңдатпау үшін кез келген кітапты оқып, өзінше тұжырым жасап алу қажет. Ол үшін де ұстазымен бірге талқылап сұхбаттасып отырса, мәселе жоқ. Ибн Таймийаның кітаптары қазір кеңінен тарап кетті. Оны да ұстазымен оқып, сыни көзбен қарап талдаса ол да пайдалы болар еді...

- Соңғы сұрақ, спортшылардың, әншілердің және өзге де ел алдында жүрген азаматтардың дінге соншама жақын болуының себебін айта аласыз ба?

Өнер адамдары ғана емес, жалпы қоғам дінге жақын... Діннен қуат нәр алатын, содан үміт ететін жағдайдамыз. Дін – ол құдайлық баспана. Ол баспанаға жалпы адамзат болып мұқтажбыз. Бірақ, дұрыс діни таныммен болса құбақұп. Бұрыс саясиланған, жақ-жаққа, жік-жікке бөлетін  емес, арға, мәнге, түп негізге бастайтын дінге бұрылып жатса қанеки...

http://maturidi.kz/index.php/kz/2015-03-21-04-47-49/2015-03-21-04-47-51/item/1501-dosaj-kenzhetaj-elimizde-teris-dini-a-ymdardy-kauipi-sejilgen-zhok

 
Сабыр СансызбайСабыр Сансызбай
9 жыл бұрын 3438
0 пікір
Блог туралы
0
118110 105 217 1301 41