Шымкенттің «Аль-Акрам» тойханасында ошпаздар (өзбек аспаздары) бас қосып, палау фестивалін өткізді.
Фестивальды ұйымдастырушылар – оңтүстікқазақстандық өзбек мәдени орталығы. Оған қатысушылар тек қана ОҚО-дан ғана емес, Ташкенттен де ағылады.
Айтулы байқауға жас ерекшелігіне шектеу қойылмаған аспаздар қатысып, өзбек халқының ұлттық тағамының нақ нұсқасын әзірлеп көпке ұсынуға тырысты.
Қазан мен ошақ — палау фествалінің сәні, дәстүрі. Әдеттегідей күріші салынып, тұздығы түгенделді. Буы бұрқырап, қазандар қайнады. Дәл осылай «Достық дастарханына» қатысқан әр үміткер өзбек ұлтының ұлттық тағамы — палаудың нақ нұсқасын жасауға асықты.
Палау деп бір сөзбен айтылғанымен, аспаздар өздерінің тамақтарына ерекше ат қойып үлгерген. Махмұджан Омаров «Махаббат» палауының дайындалу мәзір-құпиясымен бөлісті.
Сайысқа 26 аспаз қатысты. Махмұджан Омаров палауды махаббатпен пісіру қажет деп есептейді.
«Бұл палауға орта есеппен 4 келі күрішке 4 келі ет керек және оған 1 литр май қосып жатырмын. Ең алдымен етті жақсылап қуырып, одан соң пияз саламыз. Сәбіздің сөлі шыққанша оны да қуырып, су құямыз, ноқат пен миізді су қайнағанда салып, буға бұқтырамыз. Ет піскенде күрішті салып, пісіреміз. Мәзірдегі құпиям осы. Палауды әркім қалағанынша дайындайды. Менің ойымша тамақты тек махаббатпен әзірлегенде ғана дәмді болады. Осыны ұмытпағанымыз дұрыс», – дейді аспаз Махмұджан Омаров.
«Қоспалардың барлығы бірдей болғанымен, палаудың дәмдері қайталанбайды» дейді аспаздар.
Айтпақшы ұлттық тағам үшін сарымсақтың орны ерекше.
Палау әзірлегенде оның сәбізі, еті мен күрішін араластыруға болмайды. Бұл — тағамның басты шарты.
Ұлттық тағамды насихаттау сайысы биыл 5-рет ұйымдастырылды. Мұнда «Алғашқы махаббат» палауынан бөлек сары түсті «Алтын тағам», «Той палауы» сынды түрлі атпен 26 бірдей қазан асылды. Оның ішінде «Ташкент палауын» мектеп оқушылары, жасы небәрі 12-ге толған жас аспаздар дайындады.
Осы кезде тағамы піскендері палауды безендіруге кірісті. Қайнаған жұмыртқа, мейіз бен анар дәндері асқа көрік берсе, сарымсақ тіл үйірер дәмін кіргізді. Ал меймандар тағамға бағасын беруді ұмытқан жоқ.
Сайыстың ең жас қатысушылары. 12-14 жасар аспаздар «Ташкент палауын» әзірледі.
Байқаудың талабы — асты дәмді әзірлеу ғана емес, оны сәндеп-безендіру
Сонымен, палау пісіруде аспаз Гуламжан Ғаниевке тең келер жан болмады. Жеңімпазға 30 мың теңгенің сый-тартуы табысталды. Шымкент қалалық мәслихатының депутаты саналатын Ғаниев жеңіске жетуінің құпиясымен бөлісті.
Ол достары Меккедегі қажылықтан әкелген қасиетті суды палауға қосқан екен.
Жүлделі екінші орынды Азада Тешебаева пен Шакір Заидов өзара бөлісті. Ал жүлделі үшінші орынды Насибулла Халилов пен Дәулет Миррахимов және Ұлықбек Халметов қанағат тұтты. Қазылар алқасы ең жас аспаз Бекжан Акрамовтың ас мәзірін де айрықша атап өтті.